«ХИМФАРМ» – ҰЛТТЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАНЫҢ КӨШБАСТАУШЫСЫ

04.02.2016

«ХИМФАРМ» – ҰЛТТЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАНЫҢ КӨШБАСТАУШЫСЫ

Фармацевтика нарығы әлемдік экономиканың ең табысты әрі жылдам дамитын секторының бірі болып табылады.

Сондай-ақ, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының, сондай-ақ, тұрғындардың әл-ауқатының басты көрсеткіші болып табылады. Бұған қоса, фармацевтика өндірісін дамыту мемлекет экономикасының жоғары инновациялық дамуының жетістігі екендігі де даусыз.

Қазақстанның фармацевтика сала­сының бүгінгі ахуалы шыны керек, күр­делі жағдайда. Мұны осы сала ма­ман­дары отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің жалпы елімізде қолданылатын дәрілердің тек 15 пайызын төл өніммен қамтамасыз ететіндігімен түсіндіреді. Ал мамандардың пікірінше, жалпы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық дәрі-дәрмектердің үлесі кем дегенде 30 пайызды құрауы қажет. Дегенмен, импорт­тық дәрі-дәрмектердің жеткізілуі есебінен елімізде фармацевтикалық өнім нарығы анағұрлым серпінді дамуда. 
Шетелдерден жеткізілген импорттық дәрі-дәрмектерді қаптаумен айналысатын, сондай-ақ, толық циклде жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарды қоса алғанда, қазіргі күні Қазақстанда дәрі-дәрмек өн­дірумен айналысатын 79 кәсіпорын тір­кел­ген. Бұл кәсіпорындардың кейбір өн­діріс бөлімдері халықаралық стандарт бойынша жұмыс жасайды. Олардың тек бірнешеуі ғана GMP стандартына сәйкес келеді. Кейбір өндіріс орындары ISO сер­тификаты бойынша жұмыс істеуге көшкен және олар осы заманғы құрал-жабдық­тар­мен жарақтандырылған. Отандық фарма­цевтика саласындағы осындай іргелі кә­сіпорындардың көшбастаушысы ретінде Шымкент қаласындағы «Хим­фарм» АҚ айтуға болады. Жасыратыны жоқ, еліміз­дегі бірден-бір дәрі-дәрмек өндіретін дәл осы зауытты Еуропа елдеріне өте танымал компаниялардың бірі «Поль­фарм» компа­ниясы басшылыққа алғалы бері отандық дәрі-дәрмек өндірудің кө­лемі де, сапасы да анағұрлым арта түсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қарағанды фармацевтика кешенін басқаруға алған инвестор Ре­сей­дің «Фармстандарт» ком­паниясы мұндағы өндіріске небәрі 15 миллион АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция салса, «Хим­фарм» АҚ қолға алғалы бері поляк ағайындар өндірісті ілгерілету мақсатында 100 миллион АҚШ доллары көлемінде ин­вестиция салып, елімізде отандық дәрі-дәрмек өндіруді барынша жолға қойды. Сөйтіп, ауыз тол­тырып айтарлықтай нә­ти­жеге де, табысқа да қол жетті.
«Химфарм» компаниясы жыл сайын 1 миллиард таблетка, капсула және гранул, сондай-ақ, 300 миллион ампул, 24 мил­лион антибиотик құтысы мен инфузиялық ертінділердің 4 миллион орамасы мен емдік шарбаттардың 20 миллион құтысын өндіреді. Бұған қоса, компанияда меди­ци­наның терапия саласына қажетті алуан түрлі ауруларды емдеуге арналған 12 фармотерапиялық топқа жататын 200-ден астам дженриктік және түпнұсқалық препараттар шығарылады. Сондай-ақ, зауыт қазіргі күні Шымкент қаласында тұратын 1200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауытқа Италия тәрізді дамыған елдерден фармацевтика саласына қажетті осы заманғы озық технологиялар жеткізіліп, қолданысқа берілді. Ал 2013 жылы фармацевтикалық өн­дірісті жаңғырту мен GMP стандарт­тарын енгізу жөніндегі инвестициялық жоба шеңберінде Santo Member of Polpharma Group фармацевтикалық ком­паниясы осында салынған көп көлемдегі инвестицияның нәтижесінде зауыттың жаңа-ампула инфузиялық цехында кең ауқымды өндірісті іске қосудың соңғы кезеңі – жабдықтарды біліктілік пен вали­дациядан өткізу процесін жүзеге асырды. Осылайша, қысқа мерзім ішінде қайтадан жаңартылған Шымкент химфарм зауыты Қазақстанның ұлттық химия-фармацев­тика өндірісінің көшбасшысына айналды. Заман талабына іс-шаралардың нәти­жесінде Шымкент химфарм зауытының «Santo» халықаралық сауда белгісімен өн­дірілетін дәрі-дәрмектері бүгінгі күні Ресей, Қырғызстан,Тәжікстан, Түрік­менстан және Моңғолия секілді бес елдің нарығына экспортталады. 
– Біздің алда тұрған басты мақса­ты­мыздың бірі де бірегейі, ол – «Химфарм» зауытының өнімін Еуропа нарығына шы­ғару. Өйткені, біздің компания өндіретін дәрі-дәрмектерге Еуропа елдерінде сұ­раныс көп. Мұның себебі, компания өнімінің ең басты ерекшелігі, мұнда шы­ға­рылатын дәрі-дәрмектер мен алуан түрлі препараттар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және олар ең таза өнім бо­лып саналады. Қазіргі күні мұнда отыздан астам дәрі-дәрмек түрлері шығарылса, алдағы уақытта өнім көлемін тоқсаннан асыру жоспарланып отыр. Әлемдік фар­мацевтика саласында халықаралық бе­делге ие «Польфарм» АҚ-тың өткен жылы бір жыл ішінде Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ бен Орталық Азия елдері нарығына дәрі-дәрмек тарату арқылы 600 миллион АҚШ доллары көлемінде таза пайда табуға қол жеткізгенін ескерсек, онда алдағы жылдарда Шымкент химфарм зауыты өнімдерінің де әлем елдерінің сұ­ранысына ие болатыны ақиқат. Себебі, SANTO компаниясы әлемдік фарма­цев­тика нарығындағы ең мықты ком­пания­лардың бірі екені даусыз. Сондықтан мен оның Қазақстан нарығындағы және Еура­зиялық Экономикалық Одаққа қатысушы елдер аумағындағы орнын нығайту үшін бүкіл күш-жігерімді жұмсаймын.
– Бір ғана мысал, «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС тегін медициналық көмек шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек үлесі жалпы көлемінің үштен бірден ас­та­мын «Химфарм» АҚ өндіріліп, жеткізіледі. Сонымен қатар медицина саласындағы кәсіпорындардың ақпараттық және тех­нологиялық қызметі және олардың жұмыс сапасын анақтайтын IMS HeaIth ком­па­ниясының зерттеуі бойынша фар­мацев­тика нарығында 4,7 пайыздық үлесі бар SANTO компаниясы 2015 жылдың қоры­тындысы бойынша Қазақстанның фар­мацевтика нарығында көшбасшы болды. Осы уақыт аралығында біздің компа­ния­ның жалпы сауда көлемі – 15,7 млрд теңгені, бөлшек сауда бойынша – 7,8 млрд теңгені құрап отыр. Бұған қоса, біздің зауыт заман талабына сай құрал-жабдық­тармен жаб­дықталумен қатар өнім өндіру қуаты да жылдан-жылға артып келеді. Мы­салы, «Химфарм» АҚ соңғы жылдар­дың өзінде 1,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін бірқатар шетелдерге экспорттады. Жалпы біздің зауыт­тың қазіргі қуаты жылына – 1,2 млрд дәрі-дәрмек, 294 млн ампула, 6 млн инфузия­ларды, 40 млн құты анти­биотик, 26 млн құты шырын өндіруге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ, 44 түрлі қатты дәрі, 46 түрлі иннекциялық сұйықтық, 26 млн құты шырын және басқа дәрі-дәр­мек­терді өндіруге мүмкіндігіміз бар. Қазіргі күні біз­дің компания Қазақстанның фар­ма­цевтика тарихында ірі инвестициялық бағдарламаны одан әрі жүзеге асыруда. Қазіргі күні зауыттың өндірістік бөлімдері, мен қоймалары мен зертханаларын модер­ни­зациялау бағытындағы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл істі жүзеге асыру үшін 100 млн АҚШ доллары көле­мінде инвестиция тарту көзделіп отыр.Осыдан екі жыл бұрын біздің компания Қазақстан денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігінің халықаралық өндірістік тәжірибеге сәйкес (GMP) сер­тификаты берілді. «Химфарм» АҚ барлық өндірістік бөлімшелері осы сертификат бойынша жұмыс жасауда. Бұған қоса, SANTO Қазақстанның әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына да орасан зор үлес қо­сып келеді. Мысалы, біздің зауытта өн­дірілген жоғары сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектер денсаулық сақтау сала­сына жұмсалатын шығындарды айтар­лықтай төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұған Polpharma тобының Қазақстан фармацевтикасын дамытуға қосқан инвестициялары нәтижесінде қол жетуде, – дейді «Химфарм» АҚ Бас директоры Ижи Урбанец.


Қорыта айтқанда, халықаралық SANTO сауда белгісімен дәрі-дәрмек өндіретін «Химфарм» АҚ ұжымы алдағы уақытта ұлттық фармацевтиканы барынша дамыта отырып, заман талабына сай жоғары сапалы дәрі-дәрмектерді шығарып, қазақ­стандық өнімді Еуропа елдеріне шығаруды жоспарлап отыр. Зауытта жүзеге асырылып жатқан іргелі де өркенді істер мұның нақты дәлелі екені даусыз. 

http://aikyn.kz/ru/articles/show/20050-_himfarm_ltty_farmacevtikany_k_shbastaushysy



Тізімге оралу