БАҚ-да SANTO

26.04.2016

Отандық өнiм өндiруде оңтүстiктiң бәсi жоғары

Оңтүстiк Қазақстан (Шымкент): 22.04.2016 

Автор: ДӘУЛЕТ ТҰРСЫНҰЛЫ

Өткен апталарда Иран, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерiне ресми сапармен барып, Қазақ елi үшiн маңызды келiсiмдерге қол жеткiзген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстiк Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келдi. Елбасы алдымен Шымкент қаласындағы «Azala Textile» тоқыма фабрикасы ЖШС-нiң жұмысымен танысты. Аталған кәсiпорынның қуаттылығы жылына 2824 тонна иiрiлген жiп, 13 млн. шаршы метр мата, 2 млн. данадан аса төсек орын тыстарының жиынтығы және 7 млн. дана түктi өнiм шығаруға қауқарлы. Бүгiнде отандық өнiм iшкi сұраныстың 90 пайызын қанағаттандырады. Бұдан бөлек, фабрика өнiмi Ресей, Еуропа елдерiне экспортталады. Жақында Африкадағы Гана мемлекетiмен келiсiмшарт түзiлiп, алдағы уақытта қазақстандық тауар «қара құрлыққа» жөнелтiлмек. Швейцария, Бельгия, Италия елдерiнен әкелiнген соңғы үлгiдегi заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс iстейтiн «Azala Textile» өзiн-өзi шикiзатпен қамтамасыз етiп отырған кәсiпорын саналады. Фабрика иелiгiндегi 99 мың гектар жерге жыл сайын мақта егедi. Одан 300 мың тоннаға дейiн мақта шикiзатын алады. Оның 35 пайызы фабриканың өзiнде өңделедi. 2005 жылы ашылып, 2013 жылы Индустрияландыру картасына енген кәсiпорынның жобалық құны 3,5 млрд. теңгенi құрайды.

Қазақстан Халық банкi арқылы қаржыландырылған фабрикада қазiргi таңда 465 адам тұрақты жұмыс iстейдi. Жалпы, бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша жеңiл өнеркәсiп саласында өнiм шығарып жатқан 10 кәсiпорын бар. Олардың жобалық құны 27,8 млрд. теңгенi құрайды. 2,2 мыңнан аса адам еңбек етедi.

Елбасы фабриканы аралап, ондағы қызметкерлермен жүздестi. Дағдарысқа қарамай өнiм өндiрiп, табысты еселеп жатқан фабрика ұжымының жұмысына сәттiлiк тiледi.

– Қазiр әлем елдерi экономикалық тоқырауды бастан өткерiп жатыр. Әрине, оған бiр жағынан сол елдердегi тұрақсыздықтың да әсер етiп жатқаны анық. Әйтсе де, Қазақстанда жағдай тұрақты. Экономика өсу үстiнде. Қазiр барлық мүмкiндiктi отандық өнiм өндiруге бағыттап жатырмыз. Индустрияландыру картасы аясында тұрақты жұмыс iстеп жатқан осы тоқыма фабрикасы нарықта өз орнын айқындаған кәсiпорын. Сондықтан жұмысты бұдан әрi iлгерiлетiп, өнiм көлемiн арттыра түсу қажет, – дедi.

Елбасы бұдан кейiн «Химфарм» АҚ-ға атбасын бұрды. Мұнда бүгiнде «SANTO Member of Polpharma group» сауда белгiсiмен дәрiлiк препараттар мен спирт ерiтiндiлерiнiң 200-ден астам түрi шығарылады. Кәсiпорынның өндiрiстiк қуаты 1,2 млрд. таблетка, капсула және түйiрлер, 300 млн. ампула, 6 млн. инфузия, 40 млн. антибиотик құтылары және 26 млн. дана шәрбат құтыларын шығаруға жетедi. Осы өнiмдердiң бiр жылдағы жалпы құны 16,5 млрд. теңгенi құрайды. Отандық дәрiлiк препараттар Ресей, Монғолия, Тәжiкстан, Қырғызстан, Түркiменстан елдерiне экспортталуда. Зауыт басшылығы алдағы уақытта Өзбекстан нарығына шығуды көздеп отыр. Соған байланысты қазiргi таңда тиiстi келiссөздер жүргiзiлуде. Жалпы, республикадағы тегiн медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрiлiк заттардың үштен бiрiн осы «Химфарм» АҚ-ы қамтамасыз етедi.

Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында фармацевтикалық кластер құру жұмыстары қарқынды түрде жүргiзiлуде. Соның бiр дәлелi, республикадағы отандық дәрi-дәрмектiң жартысына жуығы Шымкенттегi «Химфарм» АҚ-да өндiрiледi. Зауыт жұмысшыларымен кездескен Елбасы оларға табыс тiлеп, өнiм көлемiн еселей түсудi тапсырды.

Елiмiздiң үшiншi мегаполисi атанған Шымкент Елбасы үшiн қашан да ыстық. Келген сайын түрленген қала көрiнiсiне көңiлi тойып, жүзеге асып жатқан серпiндi жобаларға қолдау бiлдiредi. Бұл сапарында да Нұрсұлтан Әбiшұлы отандық өнiм өндiрудi жолға қойған кәсiпорындарға ризашылығын бiлдiрiп, еңбекқор облыс халқына ыстық ықыласын жеткiздi.

http://okg.kz/index.php/bilik/item/4583-otandy-nim-ndirude-o-t-stikti-b-si-zho-ary


Тізімге оралу