БАҚ-да SANTO

29.04.2016

Өңiр индустриясын өркендетуге мүмкiндiк зор

Елбасының Оңтүстiктегi сапарынан осындай ой түйдiк

ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАНЫҢ БОЛАШАҒЫ АЙҚЫН

Қазiргi таңда Қазақстанда дәрi-дәрмек өндiретiн 79 кәсiпорын тiркелген. Отандық фармацевтика саласында iргелi кәсiпорындардың бiрi ретiнде «Химфарм» АҚ-ын айтуға болады. Елiмiздегi бiрден-бiр дәрi-дәрмек өндiретiн осы зауытты Еуропа елдерiне өте танымал компаниялардың бiрi «Польфарм» басшылыққа алғалы отандық өнiм өндiрудiң көлемi де, сапасы да анағұрлым өстi. Поляк ағайындар өндiрiстi iлгерiлету мақсатында 100 миллион АҚШ доллары көлемiнде инвестиция салып, дәрi-дәрмек өндiрiсiн барынша жолға қойды. Сөйтiп, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де, табысқа да қол жеткiзiп отыр. Сондықтан болар, Елбасы Оңтүстiк Қазақстан облысына келген әр сапарында осы «Химфармға» соқпай кетпейдi. Жұмысшылармен жүздесiп, отандық фармацевтиканың болашағы туралы бүкпесiз ой бөлiседi. Кешегi сапарында табысты кәсiпорынға ат басын арнайы бұрды.

Компания жыл сайын 1 миллиард дана таблетка, капсула және гранул, сондай-ақ, 300 миллион дана ампула, 24 миллион дана антибиотик құтысы мен инфузиялық ерiтiндiлердiң орамасы мен емдiк шәрбаттардың 20 миллион құтысын өндiредi. Бұған қоса, компанияда медицинаның терапия саласына қажеттi алуан түрлi препараттар шығарылады. Заман талабына сай жүргiзiлген шаралардың нәтижесiнде «Химфарм» зауытының «Santo» халықаралық сауда белгiсiмен өндiрiлетiн дәрi-дәрмектерi бүгiнде Ресей, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан және Моңғолия секiлдi мемлекеттердiң нарығына эспортталады.

Компания басшылығының алдына қойған мақсаттарының бiрi – зауыт өнiмiн Еуропа нарығына шығару. Өйткенi, компания өндiретiн дәрi-дәрмектерге Еуропа елдерiнде сұраныс көп. Қорыта айтқанда, халықаралық «Santo» сауда белгiсiмен дәрi-дәрмек өндiретiн «Химфарм» ұжымы алдағы уақытта ұлттық фармацевтиканы барынша дамыта отырып, заман талабына сай өнiм шығаруды жоспарлап отыр. Зауытта жүзеге асырылып жатқан iргелi iстер мұның нақты дәлелi екенi даусыз.

Бауыржан МАХАТОВ, ОҚМФА-ның ұйымдастыру-экономикалық жұмыстар жөнiндегi проректоры, фармация ғылымдарының докторы, профессор.

САПА – ЖОҒАРЫ, БАҒА – АРЗАН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тiкелей тапсырмасымен Оңтүстiк Қазақстан облысында мақта-тоқыма кластерiн құру iсiнiң қолға алынуы жұрттың көкейiнде келер күннiң кемелдiлiгiне деген сенiм отын жақты. Бұл – елдiң жағдайын жақсартумен бiрге оңтүстiктiң экономикасын өрлететiн, өркендететiн оң бастама болары даусыз. Бұған Елбасының күнi кеше облысымызда болған жұмыс сапарында тағы бiр рет көз жеткiздiк. Осы келiсiнде «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының жұмысымен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев отандық тоқыма бұйымдарын дүниежүзiлiк нарыққа шығаруды көздеген өңiрдегi мақта-тоқыма кластерi ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыра түсетiн серпiндi сала екендiгiне тағы да тоқталды.

 «AZALA Textile» – өзiмiздiң ақ ұлпадан жiп иiрiп, одан мата тоқуға маманданған кәсiпорын. Қазiр елiмiздегi тоқыма өндiрiсiмен айналысатын көшбасшылардың бiрi. Жылына 2824 тонна иiрiлген жiп, 13 млн. шаршы метр мата, 2 млн. дана төсек-орын тыстарының жиынтығы, 7 миллионнан аса түктi өнiм шығарады. Кәсiпорын 2005 жылы жұмысын бастағанда Елбасы өзi келiп, сәттiлiк тiлеп едi. Сол кезде Үкiмет тарапынан жаңа технологияларды пайдалануға көмек болатындығын айтқан. Айтса айтқандай, содан берi кәсiпорынды аяғынан тұрғызуға барынша жағдай жасалып келедi.

Бүгiнде серiктестiк шығарған өнiм сапасы шетелдiк тауарлардан кем емес. Ал, бағасы әлдеқайда арзан. Қазiр кәсiпорында 465 адам жұмыс iстейдi. Мақтаны сатып алмаймыз. Биыл серiктестiк иелiгiндегi 110 мың гектар алқапқа «ақ алтын» егiлдi. Осы шикiзатты өзiмiзде өңдеп, отандық өнiмдi алдымен Қазақстан нарығына, қала бердi шет мемлекеттерге экспорттап жатырмыз. Қазiр «AZALA Textile» өнiмдерiн Ресей, Еуропадағы алпауыт елдер тұтынып отыр. Әрине, бұл бiз үшiн үлкен мақтаныш. Сондықтан мақта шикiзатын сыртқа шығарғаннан гөрi оны өзiмiзде өңдеп, экспортқа шығару әлдеқайда тиiмдi екенiне көз жеткiзiп отырмыз.

Ұлбосын ОРАЗБЕКОВА, «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының тiгiншiсi.

ӘР САПАРДАН ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕМIН

Өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстiк Қазақстан облысына келген әр сапарынан жаңаша серпiн күтемiн. Әсiресе, «ақ алтын» егумен айналысатын жұртшылық жағымды жаңалыққа құлақ түре жүредi. Бүгiнде мақта шаруашылығы өңiр экономикасын алға сүйрейтiн бiрден-бiр сала болып отыр. Тоқсаныншы жылдардағыдай емес, қазiр ауылдың жағдайы жақсарып, еңбекқор халық төккен терiнiң жемiсiн көрiп келедi. Еңбек өнiмдiлiгiнiң артуына соңғы кезде ауылдардың жаппай заман талабына сай техникамен жарақтануы да септiгiн тигiзгенi даусыз.

Кезiнде кеңес өкiметi қазақтың мақта алқаптарын тек шикiзат көзi ретiнде пайдаланып келдi. Сол кездегi саясаттың салдарынан қарапайым шаруаның мүддесi ескерiлмей, мақта шаруашалығы қожырап кеткен едi. Тек мемлекет тарапынан берiлген көмектiң арқасында тұралап қалған шаруашылықтар еңсесiн тiктей бастады. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен оңтүстiкте мақта-тоқыма кластерiн құрудың қолға алынуы мақта шаруашылығына тың серпiн бергелi тұр. Бұл – стратегиялық тұрғыдан өте ұтымды қадам. Бұдан түсетiн табыс еселеп артып қана қоймай, елiмiздiң әлемдегi алдыңғы қатарлы мемлекеттерiнiң тiзiмiне кiруге мүмкiндiк бередi. Қазiр мақта шаруашылығынан республикамыз жылына 250-300 млн. доллар пайда тауып отырса, мақта-тоқыма кластерi толық iске қосылған соң жыл сайын 1 млрд. доллардан астам қаржы түседi. Қазақ мақтасының ғана емес, мақта өнiмдерiнiң де әлемдiк нарыққа шығуы – ел егемендiгiнiң жемiсi. Ал, отандық мақта-тоқыма кластерi оңтүстiк өңiрiнiң ғана емес, елiмiздiң де өркендi дамуына ерекше серпiн берiп, тәуелсiздiктi нығайтуға сүбелi үлес қосары сөзсiз.

Абыт ДҮЙСЕНБЕКОВ, «Мырзахан» шаруа қожалығының төрағасы. Мақтаарал ауданы.


http://okg.kz/index.php/bilik/item/4605-ir-industriyasyn-rkendetuge-m-mkindik-zor


Тізімге оралу