БАСПАСӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІ SANTO ҚАТТЫ ПЕРОРАЛДЫ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ӨНДІРІСТІ ІСКЕ ҚОСТЫ

08.09.2017

БАСПАСӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІ SANTO ҚАТТЫ ПЕРОРАЛДЫ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ӨНДІРІСТІ ІСКЕ ҚОСТЫ

Шымкент қ.

2017 жылдың 8 қыркүйегі

 

SANTO зауытының 135 жылдық мерейтойын тойлау аясында 2017 жылдың 8 қыркүйегінде Шымкентте қатты пероралды дәрілік заттарды шығаратын жаңа цехтің ашылу салтанаты өтті. Жылына 200 миллион таблетканы шығаруға қауқарлы бұл жаңа өндіріс Polpharma Тобының бірізділікпен жүзеге асырып келе жатқан ауқымды инвестициялық бағдарламасының кезекті жемісі болып табылады.

Компанияның мерейтойына орайластырылған мерекелік іс-шараға SANTO бас акционерлері, Польша және Қазақстан үкіметі мен жергілікті билік өкілдері, әріптестер мен салалас кәсіпорындардағы серіктестер, сондай-ақ, іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Фармацевтикалық өнім өндірісіне қойылатын GMP талаптарына сәйкес құрылған жаңа цех желісінде заманауи жабдық орнатылып, қызметкерлер құрамы Polpharma Тобының ең озық өндірістік алаңдарында арнайы оқудан өтті. Цех «СҚ-Фармация» ЖШС-мен препараттарды жеткізу жөнінде жасасқан ұзақ мерзімді шарт аясында іске қосылды. Қатты дәрілік үлгілерді шығаратын құны 13,5 млн. АҚШ долларына тең жаңа цехті салып бітіру Шымкентте жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаның басты бөлігі бөліп табылады. Мемлекеттің және Оңтүстік Қазақстан облысы басшылығының қолдауы нәтижесінде SANTO өз препараттарының кепілді көлемін өткізуге мүмкіндік алып отыр. Жайлы инвестициялық климат және мемлекеттік тапсырысқа қатысу арқасында компания отандық фармацевтика тарихындағы ең ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жалғастырып келеді.

- Бүгін біз қатты пероралды дәрілік заттарды шығаратын жаңа өндірісті іске қосып отырмыз. Бұл -2011 жылдан бері біздің зауытымызда GMP халықаралық сапа стандарттарына сәйкес салынған үшінші жаңа цех. Біздің компания Қазақстанда инновациялық фармацевтикалық саланы құруды көздеген мақсатына жақындап келеді. Біздің дәрі-дәрмек Қазақстанның амбулаториялық және стационарлық емдеуші мекемелерінде және көрші елдерде тиімді түрде қолданылуда. SANTO-ның тұрақты және озық үлгіде дамуына жағдай жасап отырған тағы бір жобаның сәтті аяқтап бітірілгені біз үшін үлкен мақтаныш», - деді компанияның бас директоры Ижи Урбанец цехтің ашылу салтанатында.

- 135 жылдық мерейтойы қарсаңында SANTO компаниясының жаңа цехті іске қосып отырғанына мен аса қуаныштымын. Осы қадам компанияның Қазақстан нарығындағы көшбасшылығын кезекті рет дәлелдеп, сапалы, қауіпсіз әрі тиімді өнімдерді өндіру компанияның басты көңіл бөлетін бағыты екенін айғақтайды, - деп атап өтті Polpharma Тобы бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак.

Естеріңізе салып өтсек, инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорында ампулаларға құйылған дәрілік заттар өндірісі, пакеттер мен құтыларға құйылған инфузиялық ерітінділер өндірісі, антибиотик ұнтақтарын шығаратын екі цех іске қосылып, сондай-ақ, дайын өнімдерді сақтайтын қойма, Ғылыми-зерттеу және сынақ жүргізу орталығы, сапаны бақылау зертханасы, инфрақұрылым жаңартылып, жаңа қазандық салынды. 2020 жылға дейін жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 108 млн. АҚШ долларынан асады. Қазіргі таңда 70 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы игерілген.

Зауыттың 135 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа өндірістің ашылып отырғандығы Қазақстан фармацевтика саласының бас көшбасшысы алдында жаңа келешек пен кең көкжиек ашылып отырғанының белгісі іспеттес. Бүгінгі күні SANTO компаниясы Еуразия экономикалық одағы аумағындағы және жалпы бүкіл әлемдегі тарихы терең фармацевтикалық өндіріс болып табылады. Іргетасы 1882 жылы қаланған бұл кәсіпорын Оңтүстік Қазақстандағы эндемиялық өсімдік - ақ жусан негізінде сантонин препаратын өндіруден бастап, бұрынғы Кеңес одағына тиесілі фармацевтикалық зауыттардың барлығының қажеттіліктері үшін өсімдік шикізатынан субстанцияларды шығаратын жетекші өндіріске дейінгі бірталай даму кезеңдерінен өтті. Сондай-ақ, зауыт Ұлы Отан Соғысы жылдарында майдан қажеттіліктері үшін техникалық морфинді жеткізген басты өндірістердің бірі болды. 1993 жылдан кейін зауыт акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, қызметін дайын дәрілерді өндіруге ауыстырды. Осылайша компания елдің дәрілік және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық шешімді жүзеге асыруға кірісті.

Бүгінгі күні SANTO күрделі ауруларды емдеуге арналған әрбір үшінші препаратты өндіріп, тегін мемлекеттік медициналық көмек аясында Қазақстанның емдеуші мекемелеріне жеткізеді. Компанияның өз өндірістерін жаңғыртуы және де қызмет бағытын халықаралық сапа стандарттарына сәйкес құруы арқасында Қазақстан фармацевтикалық саласының жалпы деңгейі көтеріліп, отандық компанияның бәсекеге қабілетті өнімдер қоржынын қалыптастыру кезінде жаңа стандарттар мен озық әлемдік тәжірибені қолдануға жағдай жасалып отыр.

------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

SANTO КОМПАНИЯСЫ ТУРАЛЫ:

Santo Member of Polpharma Group – «Химфарм» АҚ (KASE: CHFM) сауда белгісі. Компания қолжетімді, жоғары сапалы дәрі-дәрмектерді әзірлеп өндіреді және Қазақстан мен Орта Азия нарықтарына жеткізеді. Компанияның өндірістік қуаттылықтары жыл сайын 1,2 миллиард таблетканы, капсула мен түйіршікті, 300 миллион ампуланы және 40 миллион антибиотик құтысын, 6 миллион инфузия пакеті мен құтысын шығаруға мүмкіндік береді. Компания Қазақстанның фармацевтика нарығындағы көшбасшы болып табылады, оның қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фармацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден аса дәрі-дәрмек бар. SANTO – Шымкентте және Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде 1000-нан аса адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған жауапкершілігі жоғары жұмыс беруші. Компания өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркіменстан секілді бес елдің нарықтарына экспорттайды.

____________________________________________________________________________

Қосымша ақпарат:

Татьяна Филипчик, PR-менеджер
SANTO компаниясы
Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, 050013, Алматы қаласы, Әль-Фараби даңғылы 17/1, ҚОП «Нұрлы-Тау» блок 5Б, 19 қабат
Тел.: +7 (727) 3121833
e-mail: tatyana.filipchik@santo.kz
www.santo.kz


Тізімге оралу