Ж. ҚАСЫМБЕК: ЦИФРЛАНДЫРУ ЭКОНОМИКА САЛАЛАРЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

19.02.2019

Ж. ҚАСЫМБЕК: ЦИФРЛАНДЫРУ ЭКОНОМИКА САЛАЛАРЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

2018 жылы Өнеркәсіпті цифрландыру бойынша Министрлік 7 модельдік фабрикада аудитті аяқтады және оларды цифрландыру үшін жол карталарын бекітті (АлтынАлмас, Карскрона, Кентау трансформатор зауыты, Алматы вентилятор зауыты, Евразианфудс, Балтекстиль, Химфарм). Әр кәсіпорынға шамамен 30 іс-шара ұсынылды. Бұл туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Оның айтуынша, 2018 жылы екі модельді фабрикада іс-шараның бір бөлігі ойдағыдай енгізілді. Олар: «Химфарм» Акционерлік қоғамы мен «Евразиан фудс» Акционерлік қоғамы.

«2018 жылы «Өскемен титан-магни комбинаты» Акционерлік қоғамына өндіріс балансын қалыптастыру және есептеу жүйесі енгізілді. «Maker» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі машина жасау өндірісінде тау-шахта жабдықтарына қызмет көрсету және кез-келген күрделі металл конструкцияларын өндіру бойынша жаңғырту жұмыстары аяқталды. «Ақтөбе мыс компаниясы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі байыту фабрикасы толық автоматтандырылған өндірістік циклға көшу арқылы жаңғыртылды. Биыл «Казцинк» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, өңірлердің өнеркәсіп өндірістерін цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Министрлік пен әкімдіктер бірлесіп орта және ірі өнеркәсіп нысандарына цифрлы технологияларды енгізу жөніндегі жол картасын бекітті. Биыл 100-ден астам кәсіпорынды цифрландыру жұмыстары белсенді түрде жалғасатын болады. «Көлікті және логистиканы цифрландыру» міндеті бойынша «Интеллектуалдық көлік жүйесін құру» жобасы іске асырылу процесінде.

«Көлікті бақылауды автоматтандыру үшін 12 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы енгізілді. Биыл жыл соңына дейін жаңа ақылы учаскелерде тағы да 11 Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын іске қосу жоспарланып отыр. 2021 жылға қарай олардың жалпы санын 46 бірлікке дейін жеткізу жоспарлануда. Автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау саласында қозғалыс кестесін, маршрутын және жиілігін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында пилоттық режимде Облысаралық және халықаралық автобуспен жолаушылар тасымалын диспетчерлеу жүйесі іске қосылды.

2019 жылдың соңына дейін 416 маршрут бойынша облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 2 мыңнан астам автобус іске қосылады», - деді жоба туралы айтқан министр.

Жол секторын цифрландыру аясында Министрлік «Жол активтерін басқару жүйесін» тәжірибе ретінде енгізді. Бұл жүйе таңдалған жөндеу стратегиясына байланысты қажетті инвестициялар көлемін және жолдардың техникалық жағдайын болжайды. Жүйе 2020-шы жылға дейін республикалық маңызы бар жолдар желісін (24,1 мың км) толық қамтиды, ал кейін оны жергілікті жолдарға (72,8 мың км) енгізу жоспарлануда.

E-SHANYRAQ жобасын іске асыру аясында 2018 жылдың соңында пилоттық режимде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының Бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде жүйеге 5217 көппәтерлі тұрғын үйдің электронды техникалық паспорты енгізілді және 5 767 түрлі есептеу құралдары қосылды. Пилоттық көппәтерлі 166 тұрғын үйдің 58-і жалпыүйлік есептеу приборларымен жабдықталды және есептік ақпаратты жүйеге жолдайды. Жылудың төлемі 41%-ке төмендегені байқалады. Желтоқсан айында 58 көппәтерлі тұрғын үйдің орташа экономикалық тиімділігі 11 млн. теңгеден асты. Ал, жылыту маусымының соңында 44 млн теңге үнемделеді, деп күтілуде.

Құрылыс саласында Е-QURYLYS бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілуде. Жүйе блокчейн технологиясы бойынша нысан құрылысы басталғаннан аяқталғанға дейінгі барлық процесті бақылауға мүмкіндік береді. Сынақ пилоттық режимде Астана қаласындағы нақты бір нысандарда басталды.


Мақаланың түпнұсқасы


Тізімге оралу